Шоқан Уәлиханов: Потанин Григорий Николаевич

(1835-1920)

…Шоқан өз замандастарымен бірге тұрып, әуес істерін солармен бөлісті. Бірақ ол болашақ адамдарға көбірек қызығатын.

Г.Н.Потанин

Орыстың атақты географы, этнограф, фольклоршы, ботаник, публицист және қоғам қайраткері. Орыс императорлық география қоғамының толық мүшесі. Григорий Потаниннің басты ғылыми жетістігі деп Орталық және Шығыс Азиядағы бес ғылыми зерттеу экспедициясының қорытындысын айтуға болады. Бұларды ол аталған қоғамның тапсыруымен 1876-1899 жылдар аралығында басқарып, іске асырған. Осы экспедициялардың арқасында Орталық Азиядағы аса танылмаған және зерттелмеген аймақтар туралы ауқымды мәліметтер алынып, үлкен гербарий мен зоологиялық коллекция жиналды. Сондай-ақ, Сібір, Орталық Азия, Қытай тұрғындарының мәдениеті, тұрмысы және халық шығармашылығына, тарихы мен эпосына қатысты құнды материалдар көбейді.

1846-1852 жылдары ол Сібір кадет корпусында оқи жүріп, Шоқан Уәлихановпен танысты. Олар сол кезден достасып кеткен. Потаниннің естеліктеріне қарағанда, оның тарихқа, саяхат пен зерттеушілікке деген құштарлығын Шоқан оятыпты. Достар кадет корпусында қазақ тарихы мен географиясы туралы көптеген кітаптарды оқып, Азияға бірге саяхат жасауды армандаған.

Кейіннен олар бірнеше мәрте кездеседі. Үнемі бір-біріне хат жазып, жиналып қалған ғылыми мәліметтерді бөлісіп отырады. Потанин Шоқанға талай мақалалар мен очерктер арнаған. Шоқан қайтыс болғанан кейін, ол досының туыстарымен көрісіп, оған деген соңғы парызын өтеу үшін Сырымбет қонысына барады. Осы сапарының қорытындысы бойынша «Қырғыздың соңғы ханзадасының киіз үйінде» атты очерк жазған. Григорий Потаниннің мұрағатында Шоқан Уәлихановтың әр жылдары жазған көптеген қолжазбалары сақталып тұр.

Материалдар: