Шоқан Уәлиханов – біздің заманымыздың қаһарманы

Тағдырдың жазуы болар, Шоқанның ғұмыры тым қысқа болды. Ол 30-ға да жетпей, аққан жұлдыздай өте шықты.  Хабары жоқ адам оның артына қалдырған мол мұрасына – еңбектері, қолжазба мен күнделігіне қарап, ғалымды «ұзақ жыл өмір сүрді, құнды дүниелерін асықпай жазды» деп ойлауы мүмкін. Шындығында олай емес.

Шоқан Уәлиханов мынау жалған дүниеден тезірек озарын біліп, асыққан сияқты. Қайсыбір қолжазбасындағы көптеген парақтардың асығыс толтырылғаны, тіпті, сүйкей салғаны көрініп тұр. Шоқанның жазуы айдақ-сайдақ, түсініксіздеу. Ойындағысын қағаз бетіне тезірек түсіріп қалғысы келгендер ғана осылай жазады.

Шоқанның бірнеше еңбегі ғана толық аяқталған. Қалған жазбалардың бәрі тарих, этнография, география, филология, әдебиеттануға арналған кітаптардың сұлбасы іспеттес. Зер салып оқыса, осы қолжазбалардан экономика мен маркетинг бойынша «Қытай империясының Батыс өлкесі туралы», «Ресейдің Батыс Қытаймен сауда-саттығы бойынша атүсті материал…», құқықтануға қатысты «Сот реформасы туралы жазба», сәулет өнері төңірегінде «Қырғыз-қайсақ молалары және жалпы ескілік туралы») зерттеулердің нышанын байқауға болады.

Шоқан Уәлихановтың дарыны сан-салалы! Ол бәріне асқан қызығушылықпен қарайтын. Естіген-білгенін біреумен бөліскенше асығатын. Мейлі, кім болса да! Ол үнемі жазумен болды. Қазіргі заманғы блогер секілді, өзі көрмеген, танымайтын адамдармен ой бөлісетін. Жазғанын біреулер оқиды-ау деген ой болмаған Шоқанда.

Шоқан шын мәнінде өзінің замандастарына емес,  оның мұрасын ұзақ жылдардан кейін оқып, зерттейтін болашақ ұрпаққа үн қатқандай әсер қалдырады. Сарғайған парақтарды ақтарып, қазақтың тұңғыш зерттеушісінің сапары туралы жолжазбаға үңілетін, түрлі тақырыптар бойынша мағлұматты ұшқыр оймен сараптай алатын білімпаздығы мен байқампаздығына тәнті болатындарға арналғандай.

Нақ соларға – қазіргі жастарға Шоқанның еңбектері бағалы қазына. Шоқанның сан қырлы дарынын біліміңді жетілдіруге, өзіңді тәрбиелеуге, қазіргі заманға қажет сауатты да қуатты тұлғаны қалыптастыру жолында пайдалануға болады.