Балалық шақ

1835

Сырымбеттегі мекені, 1853 жыл Ш.Уәлихановтың суреті

Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны, оның туған күні мен қай жерде дүниеге келгеніне қатысты нақты мәлімет сақтамаған. Тек оның 1835 жылдың қарашасында Аманқарағай дуанында дүниеге келгені ғана мәлім. Кейін осы округтің сұлтаны, Шоқанның әкесі – Шыңғыс (Уәли ханның ұлы, Абылай ханның немересі) отбасымен бірге жаңа қамал – Құсмұрынға (дуан аты да Құсмұрын болып өзгерді) көшіп барды. Аға сұлтанның кеңсесі осы қамалда 1853 жылға дейін орналасқан.

Шоқан Уәлихановтың туған кездегі шын есімі – Мұхаммед-Қанафия. Дейтұрғанмен, ол күллі әлемге Шоқан атымен танылды. Біреулер оны анасы осылай атап кеткен дейді. Енді біреулердің айтуынша, әжесі Айғаным солай деп еркелетіпті. Ол Уәлиханның тоқалы болғанымен, осы әулеттің иесі еді. Айғаным батыл әрі өте сауатты әйел болыпты. Патша І Александр қазақ пен орыс арасындағы достықты нығайтуға үлес қосты деп оған Сырымбет ордасын салып беруді бұйырған. Шоқан сол ордада балдәурен балалық шағын өткізді.

Айғаным білімнің пайдасын жақсы түсінген. Сондықтан 1827 жылы ұлы Шыңғысты Сібір желілік казак әскері училищесіне оқуға береді. Осының арқасында Шоқанның әкесі орыс тілін жақсы біліп шыққан. Шыңғыс 23 жасында-ақ майор шенін алып, аға сұлтан болып тағайындалады. Ол өз өлкесіне келген ғалымдардан, зерттеушілерден, жер мамандары мен инженерлерден көмегін аямайды. Үнемі үйіне қонақ етіп шақырып отырыпты. Сондықтан Шоқан білімді адамдармен кішкентайынан араласып өседі. Шыңғыс сұлтан мен әжесі Айғаным оның да оқуға деген құмарлығын оятуға тырысып, Құсмұрын мен Сырымбетке мұғалімдердің жиі келіп тұруына жағдай жасайды. Шоқан төрт жасында әріп танып, оқи бастайды. Сосын әкесі салдырған Құсмұрын мектебіне барады. Мұнда ол араб жазуын меңгеріп, сурет салуды үйренген. Бұл жерде ол үшін шығыс поэзиясымен танысуға, орта ғасыр әдебиетін қыпшақ және шағатай тілдерінде оқып білуге мүмкіндік туады.

Шоқанның бауырлары, 1855 жыл. Ш.Уәлиханов салған

Шоқан Уәлихановтың балалық шағы шығармашылыққа ізденіске толы, бала сурет салуды ерекше жақсы көрді. Ол бұл өнерге Құсмұрынға қонақ болып келген топографтар мен суретшілерді көргеннен кейін қызыға бастапты. Бала Шоқан соларға еліктеп, Құсмұрын мен Сырымбеттің айналасындағы көріністі, сондағы тұрмыс-тіршілікті сызбасына арқау етіп жүрген. Өздерін айналшықтап жүрген сұлтан ұлының талпынысын байқаған топографтар оған сурет салуды үйретіп, өнер мен әдебиетті оқыта бастайды. Ұлының талпынысын әкесі де қолдаған. Тіпті, оны архоелогиялық экспедицияға алып кетеді екен. Сол кезде Шоқан табылған көне заттардың суретін салыпты. Ол қазақтан шыққан алғашқы суретшілердің біріне айналар ма еді. Бірақ қазып алынған еңбек құралдары, қару-жарақ және тұрмыстық бұйымдарды көрген оның осыларды пайдаланған адамдардың шығу тегін, тарихын білуге деген құлшынысы басым түсті. Шоқанның ғылымға деген әуестігі осылайша кішкентай кезінде оянған.

Шыңғыс сұлтанның Шоқаннан бөлек алты ұлы, бес қызы болды. Олардың да дарыны бала кезден байқалған. Шоқанның інісі Сақыпкерей ақын әрі сазгер болған. Атақты Ақан серімен дос болыпты. Тағы бір інісі Мақыжан – суретші. Петербургтегі Көркемсурет академиясының шеберханасында ұзақ уақыт жұмыс істеген. Одан кейінгі інісі Махмұт та білімді адам болған. Ол өмірінің соңына дейін ғалымдармен және жазушылармен достық қарым-қатынасын үзбепті.