Экспедициялар

1855-1859

Жетісу мен Тарбағатайдағы экспедиция

1855

Ш.Уәлихановтың Жетісуға сапары кезінде Таңбалы тастағы суреттерді қағазға түсіруі. 1856 жыл.

Шоқан Уәлихановтың ғылыми экспедициясы Сібір казактар әскеріне қызметке қабылданғанда басталды. Ол 6-шы атты әскер полкына офицері ретінде бекітіліп, Сібір жеке корпусының командирі әрі Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Густав Гасфорттың (Гасфорд, Гасфордт) адъюданты болып тағайындалады. Сонымен қатар оған өлкенің Бас басқармасында ерекше тапсырмалар жөніндегі офицер қызметі жүктеледі.

Шоқанның естелігі мен хаттарына қарағанда, оның қызметі ауыр болыпты. Гасфорттың көмекшісі Дюгамель фон Фридрихс пен оның қоластында істейтін Кройерус пен Кури Шоқанды үнемі қудалап, өздерінің қылмысын әшкере еткені үшін намысына тиетін әрекетке барған. Әлгілер талапты жастың зерттеу мен шығармашылыққа деген құлшынысын басып, түрлі кедергі жасайды. Сондықтан ол тек әскери міндетін орындауға мәжбүр болады. Сол кездегі оның жалғыз жұбанышы – Батыс Сібірдің тарихнамашысы ретінде Омбы мұрағатына кіру құқығы еді. Ізденістер географиясы өз құрамында құнды тарихи және этнографиялық материалдарды қамтыды.

Кейін оған өз өмірін өзгертуге мүмкіндік туады. Ресей империясы Ұлы жүз қазақтары мен Ыстықкөл (сол кезде «жабайы тас» деп атаған) қырғыздарын қол астына қаратады. Патша билігі бұл жерлерге өз тәртібін орнатуға тырысты. Бірақ бұған көршілер кедергі болады. Олар – Ресейдің бәсекелесі – ағылшындар қолдайтын Қоқан хандығы мен Шығыс Түркістанда жаулап алған аумақты қымтап жатқан Қытай еді.

Генерал-губернатор Гасфорт жергілікті халыққа жағуға, онымен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысады. Ол өзімен бірге жергілікті әдет-ғұрыптарды жақсы білетін, дәл сол себепті қазақтар мен патшалық билік өкілдері арасында таптырмас делдал бола алатын Уалиханды да ертіп алды. Гасфорт 1855 жылы жас ғалыммен бірге Орталық Қазақстанда, Жетісу мен Тарбағатайда ұзақ саяхат жасаған.

Экспедиция бағыты Омбыдан Семейге, одан кейін Аягөз бен Қапал арқылы Іле Алатауына дейін созылып жатты. Ол кезде мұнда Верный бекінісінің іргесі қаланып жатқан. Шоқан осы саяхат барысында дипломатияға деген айрықша қабілетін байқатады. Густав Гасфорттың жас адъютанттың талантына риза болғаны сонша, қайтып келгеннен кейін Шоқанды бірден марапатқа ұсынады. Оған ең мақтаулы мінездеме береді. Шоқан осы өтініш хаттың арқасында келесі жылдың басында тиісті мерзімінен бұрын поручик шеніне ұсынылады. Сондай-ақ, ол 1853-56 жылдардағы соғысқа арналған қола медальді әулие Владимир лентасына тағып жүру құқығын иеленді.

Поручик Казачковскийдің 1789 жылғы Қытаймен шекаралас аумақтың картасы. Ш.Уәлихановтың мұрағатынан

Гасфорттың Шоқан Уәлихановты Омбыға өзімен бірге мәжбүрлеп қайта алып кетпегенін де оның қызметі үшін жасалған сый деп есептеуге болады. Шоқан Алтынемел жотасының тұсында генерал-губернатордың тобынан бөлініп, Жоңғар қақпасына қарай жол тартады. Ал одан кейін Алакөлге аттанып, Тарбағатай арқылы өтіп, Орталық Қазақстанға барған. Содан кейін ғана Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау арқылы Омбыға оралады.

Шоқан Уәлиханов мол мұра қалдырды.

Шоқан Уәлиханов осы саяхат барысында тарихи және әдеби ескерткіштермен танысып, география мен жаратылыстануға қатысты теңдессіз мағлұмат жинады. Жергілікті тұрғындардың құқықтық және діни ұстанымдары жайлы жазған. Шоқан ғалым әрі зерттеуші ретінде осылай қалыптаса бастады. Бұл оның болашақтағы атақты экспедицияларының бастауы еді.

Шоқан Гасфорттың экспедициясының құрамында жүріп, өміріндегі тағы бір жарқын сәтті жолықтырды. Ол Семейде жазушы Федор Достоевскиймен танысқан. Олар достасып, Шоқан қайтыс болғанға дейін хат жазысып тұрды. Олардың осы күнге дейін жеткен хаттарын эпистолярлық жанрдың керемет үлгісі деп қабылдауға болады. Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторының адъютанты болған кезде оның жанына медет тұтқаны нақ сол Достоевский еді. Федор Михаилович жас досын ғылыми ізденістерін тастап кетпеуге, керісінше, оны дамытып, жоғарыдағыларға қалай да жеткізуге шақырып отырды.

Сол кездері Шоқан Уәлиханов Сергей Дуровпен де танысады. Ол да Шоқанға көп ықпал еткен. Федор Достоевский сияқты еркін ойлы һәм петрашевшіл, талантты ақын Дуров каторгаға айдалып, Омбы абақтысына жіберіледі. Жазасын өтеп болған соң облыстық Сібір қырғыздары басқармасына жұмысқа тұрады. С.Дуров Шоқанмен сол жерде кездескен.

Шоқанның кадет корпусында бірге оқыған досы Г.Потанин естелігінде Уәлихановтың бір жыл бойы сол Дуровтың ығынан шыға алмай жүргені туралы жазады.

Айтқандай, Григорий Потаниннің саяси көзқарасының өзгеруіне Шоқан ықпал етті деуге болады. Оған дейін Потанин демократиялық идеялардан мүлдем аулақ жүрген. Өзінің айтуынша, ол тіпті патша І Николай қайтыс болғанда жылапты. Бірақ Шоқан бұл тұрғыда онымен үнемі дауласып, Дуровтың еркін ойлы идеяларын насихаттаумен болады. Ақыр аяғында Потанин оның тілін алып, өзінің досына соншалықты ықпал етіп жүрген адаммен жолығуды жөн көреді. Дуровпен сол кездесуден кейін патша билігі Григорийді «бүлікші», тіпті «сепаратист» деп те атай бастайды. 1865 жылы оны «Сібір тәуелсіздігі қоғамын» құрғаны үшін тұтқынға алады. Ол үш жыл түрмеде отырып шықты. Содан кейін оған азаматтық жаза (жария түрде азаматтық және саяси құқығынан айыру) қолданып, сосын тіпті ұзақ мерзімге каторгаға жіберген. Потанин тек 1874 жылы Орыс география қоғамының өтініш хаты бойынша ғана рақымшылыққа ілінді.

Ыстықкөл экспедициясы

1856

Қырғыз әйелдері. Ш.Уәлиханов салған. 1856 жыл

1856 жылдың көктемінде поручик Уәлихановқа полковник М.Хоментовскийдің басшылығымен жүргізілетін ірі әскери-ғылыми экспедицияға қатысу туралы бұйрық беріледі. Экспедиция мақсаты –Ыстықкөлдегі патшалық Ресейге адал болуға ант берген қырғыз тайпаларымен танысу. Сондай-ақ, Ыстықкөлді картаға түсіру көзделді.

Шоқан Уәлиханов қызметтік жоспарлардан басқа ғылыми жоспарларды да құрастырды. Оны Ыстықкөл қырғыздары, олардың этнографиясы мен тарихы туралы ақпарат қызықтырды, себебі бұрынғы зерттеушілер онымен айналысқан жоқ болатын. Олар тек географиялық бақылаумен ғана айналысыпты. Сондықтан да ғалым экспедицияға зор құлшыныспен аттанды.

Шоқан Уәлиханов осы зерттеулер туралы білімді таратуға қандай үлес қосқанын оның еңбектері, очерктері мен ғылыми жазбаларынан байқауға болады.

Шоқан сәуірде Семейге аттанып кетті. Ол жол бойы күнделік жазып отырды. Бұл жолы ғалым төңіректегі табиғатты құр суреттеуден, алған әсері мен байқаған заттарын ғана жазудан, лирикалық шегініс жасаудан аулақ еді. Сөйтіп, Шоқан зерттеуші әрі ғалым ретіндегі дарынын одан әрі дамыта түсті.

Іле өзені мен Ыстықкөл аңғары. Ш.Уәлиханов салған. 1856 жыл

Мамыр айы орта тұсынан ауғаннан кейін Шоқан Уәлиханов Хоментовскийдің жасағына қосылып, экспедиция құрамындағы саяхатына кірісіп кетті. Бағыт географиясы Шілік, Үш-Мерке және Шірғанақты өзендерінің алқабынан өтті. Экспедиция ары қарай Қарқара өзенінің бойымен жоғары жылжып, асу арқылы Түп өзенінің бойымен жүреді де, Ыстықкөлге жетеді. Жасақ көлдің солтүстік-шығыс және шығыс жағалауларын топографияға түсірген. Шоқан су айдынына құятын әр өзенді, сондай-ақ, айналаны түгел мұқият суреттеп жазып алады. Жергілікті өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемінің ерекшеліктерін де қағазына түртіп қояды.

Ол осы сапарында құстар мен жәндіктердің мол коллекциясын жинап, гербарий жасайды. Жергілікті тайпалардың қоныстары мен ауылдарын өзі аралап, бұғы, сарыбағыш және солто руларының манаптарында ұзақ уақыт қонақ болады. Сонда ақсақалдармен сөйлесіп, қырғыз ырчыларының әндері мен әңгімесін тыңдайды. Аңыз -әфсаналарын жазып алады. Шоқан қырғыздың «Манас» эпосын алғаш дәл осы жерде тыңдайды. Оны да әлемге таныту үшін жазып алады. Ол күнделігінің жиектеріне үнемі сурет салумен болған.

Құлжадағы экспедиция

1856

Ш.Уәлихановтың Құлжаға сапары барысында қытай және орыс сапартоптарының кездесуі. 1856 жыл

Шоқан Уәлихановтың биографиясы саяхатқа, зерттеуге толы. Шоқан Ыстықкөл жақтағы экспедицияда жүргенде, патша билігі сыртқы саяси мәселелерді шешуге тырысып жатты. Сол кезде Қытай иелігіндегі Шығыс Түркістандағы Шәуешек қаласында орыстардың сауда-саттық кеңсесін өртеп тастайды. Ресей бұл үшін Қытаймен соғысқысы келмеді. Туындаған түйткілді дипломатиялық жолмен реттеу үшін Құлжаға ерекше тапсырмамен адам жіберу керек деген ұйғарым жасалды.

Әу баста бұл шаруаны тындыруға патшаның Іле өлкесіндегі өкілі әрі Ұлы жүз қазақтарының приставы, подполковник М.Перемышельскийді жіберу көзделеді. Алайда Ресей билігі Құлжаға орыс офицері барса, келіссөздің берекесі кететінін түсінді. Сондықтан империяға адал, сонымен қатар, баратын жердің әдет-ғұрпын жақсы білетін адам керек болды. Сөйтіп, ешқандай соғысқа қатыспаған, өзге сұлтандар сияқты әкімшілік басқарумен қолы байланып қалмаған, жат жерден келген жалғыз офицер таңдалды.

Шілденің орта тұсында Шоқан Хоментовскийдің экспедициясынан кетіп, Верный бекінісіне келеді. Ол жерден Қапалға аттанған. Құлжа сапарына қатысатын басқа адамдар оны сол жүрде күткен. Тамыздың басында желілік казактар жасағының қорғауымен экспедиция Шоқан білетін жолмен Құлжаға аттанады. Қытаймен шекараға жеткенде әскери жасақ жүрісін тоқтатты. Әйтпесе, қытайлар «Басып кіріп жатыр» ойлап қалуы мүмкін еді. Сөйтіп, ары қарай дипломаттар өздері кетеді.

Шоқан алдында үлкен міндет тұрды. «Үзілген сауда қатынасын достық қарым-қатынас шеңберінде реттеу…», «…қытай жағы шекараға да қатысты келіссөз жүргізуді талап етсе…» «…қай жағдайда да Құлжадағы консулмен кеңесіп барып, әрекет ету керек…». Бірақ Шоқан бәрін керемет атқарды. Қытай шенеуніктерімен өткізілген бірнеше мәслихат пен келіссөзден кейін екі мемлекеттің сауда байланысы реттеліп, достық қарым-қатынасы қалпына келді.

Апиын шегушілер. Ш.Уәлиханов салған. 1856 жыл

Дейтұрғанмен Шоқан миссиясы дипломатиялық келіссөзбен ғана шектелген жоқ. Құлжада үш айға жуық уақыт жүрген ол қалада болып жатқан жағдайдың бәрін бақылап отырды. Жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі туралы жазып алды. Тұрғындардан олардың тарихы туралы тереңірек сұрады. Сол кездегі саяси ахуалды бағамдады.

Шоқан Уәлиханов қандай үлес қосты деген сұраққа жауап іздесек, оның еңбегі ерен. Қазақ тарихынан ойып орын алады. Шоқан Уәлиханов еңбектері қазіргі жастарға темірқазық іспеттес баға жетпес қазына.

Уәлиханов Семейге оралған соң өміріндегі тағы бір тарихи сәтті бастан кешірді. Ол тамаша ғалым, Азиядағы орыс саяхатшылары мен зерттеушілерінің әйгілі мектебінің негізін қалаған Петр Семеновпен кездесті. Сол кезде орыс ғылымы тарихындағы тұңғыш ұйымдастырушы ғалым Азияға саяхат жасаған. Ал осы саяхаттың нәтижесі керемет болды. Бұл Тянь-Шаньға 1856-57 жылдардағы экспедиция еді. Жарты ғасыр өткеннен кейін соның құрметіне Семеновтың фамилиясына Тян-Шанский деген қосымша тіркелді (Семенов-Тян-Шанский).

Шоқан нақ сол кездесуде сұмдық бір жоспарын жайып салып, ұсынысын айтты. Көпес болып киініп алып, Азияның еуропалықтар үшін жабық саналатын бір ірі қаласына баруға бел шешті. Сөйтіп, ондағы жағдайды байқап көрмек екен. Петр Семенов-Тян-Шанский естелігінде былай деп жазады: «Әлбетте, мен осы бір дарынды жігітке генерал Гасфорттың назарын аудартқанды жөн санадым. Сондықтан Тянь-Шаньдағы саяхатымнан оралған соң, Уәлихановты Қашқарға іссапарға жіберу туралы ойымды айттым. Кейін Уәлиханов оны үлкен жетістікпен аяқтады ғой». Сол тұста Шоқан Семеновтың ұсынысы бойынша Орыс императорлық география қоғамының толық мүшесі болды.

Қашқариядағы экспедиция

1858

Император II Александрдың Шоқан Уәлихановты Қашқарға саяхаты үшін IV дәрежелі Әулие Владимир орденімен марапаттау туралы жарлығы. 1860 жыл

Уәлиханов 1857 жылы Ыстықкөлдегі қырғыздарға тағы да қонаққа барды. Бұл жолы ол нақты шаруамен, яғни Қашқардың жолын білуге келген. Ол кезде бүкіл Қашқарияда Қытайға қарсы көтерілістер болып жатты. Әрине, бұл еуропалық саяхатшылар үшін өте қауіпті еді. Мысалы, Алтышарға (Шығыс Түркістандағы көтеріліс жайлаған алты қаланың әкімшілік бірлестігі) сапар барысында ағылшынның белгілі географ ғалымы Адольф Шлагинтвейт із-түссіз жоғалып кетеді. Шлагинтвейттің Қашғардың жауыз билеушісі Уәлихан-төренің қолынан мерт болғаны туралы ақпаратты анықтау Шоқан Уәлихановтың қолынан ғана келді.

Бұл бір аса қауіпті сапар болғандықтан, Шоқан Уәлихановқа қатысты өтіріктер ойлап табылған еді. Атын Әлімбай деп қойды. Керуенбасы Мұсабайдың туысымын деп, сауда керуенімен бірге Қашқарға өтіп алуы керек. Шоқан шашын тақырлап алдырып, үстіне қазақша киім киіп, 1858 жылдың 28 маусымында керуенмен бірге жолға шықты.

Шілде айында керуен Алтынемел жотасы арқылы жүріп отырып, Іле өзенінен өтіп, Қарқараға жетеді. Шоқан мұнда екі апта аялдауды жөн көрген. Яғни алыс жолдан қатты шаршаған жануарлар аяқ суытып алсын деген. Тамыз айында керуен қырғыздың бұғы тайпасына жетіп, мұнда да аялдап қалады. Өйткені бас манап Боранбайға берілетін асқа қатысуы керек. Шоқан оны Ыстықкөлге экспедиция жасаған кезден бері таниды. Осылай аялдап жатқанда, ғалымның керуеніне Қашқарға баратын басқа да көпестердің керуендері қосылады.

Қыркүйек айында керуен Орталық Тянь-Шань жоталарындағы күрделі Ақсай жолын бағындырады. Шоқан Уәлиханов Қытай шекарасын 27 қыркүйекте кесіп өтті. Бұл жерде оны Қоқан ақсақалы (сауда консулы) Нәсіреддин басқа да саудагерлермен бірдей дәстүр бойынша күтіп алып, қанатының астына алды. Соның арқасында Шоқан Қашқарда болған жарты жылдай уақыт бойы көпес ретінде айрықша құқық иеленіп, жергілікті биліктің назарына көп іліге қоймады.

Шоқан Қашқарда түрлі елдерден келген көпестермен танысып, жергілікті шенеуніктермен әңгімелесті. Шығыстың керемет жазбаларын иемденді. Жергілікті дәстүр бойынша, ол Фатима есімді уақытша әйел (чаукен) алған. Фатима Алтышарға қатысты теңдессіз мәліметтер жинауға көмектескен.

Шоқан Уәлихановтың осы сапарында экономика, саяси өмір, тарих, география, Қашғардың этнографиясынан алған тәжірибесі оның қажырлы еңбегін талап етті. Ұзақ сапарлардан кейін, көрген-білгенін қағазға түсіріп, Шоқан Уәлиханов көп еңбек жазды. Ол мұндағы өмірдің тұтас картинасын тіртінектеп отырып құрастырды. Яғни әңгімелерден, тарихи оқиғалар туралы естеліктерден, отбасылық аңыздардан сұрыптап алды. Омбы мұрағаты мен экспедициялардағы шығыс қолжазбаларымен жұмыс барысында жинаған тәжірибесі ғалымның қажетіне жарады. Әйтпесе, ол Қашқар туралы бәрін қамтитын, өзін талайға танытқан еңбегін ешқашан жаза алмас еді. Бұл жерде тағы бір айта кететін керемет жағдай, Шоқанның мәліметтерді жазып алуына үнемі мүмкіндік бола бермепті. Уәлиханов көптеген ақпаратты жадында сақтап, өз еңбектерін тек еліне оралғаннан кейін ғана қағаз бетіне түсіре алды.

1859 жылдың басында Қашқардағы жағдай шиеленісе түсті. Қашып кеткен Уәлихан төренің қайтып келгені туралы өсек тарады. Аймақта қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Сонымен қатар, Қашқар мен оның төңірегінде Мұсабайдың керуенінде орыс тыңшысы бар екені туралы да әңгіме тарай бастады. Сондықтан Шоқан мұнда қалудың қауіпті екенін түсініп, 11 наурызда кері қарай жол тарты.

Қашқар әйелдерінің киімі. Ш.Уәлиханов салған. 1858 ж.

Ерте көктемде таудағы Теректі асуын әлі де қар басып жатады. Одан өту мүмкін емес. Сондықтан керуен басқа жолмен, яғни Оңтүстік Қырғызстан арқылы Ферғана жотасының бойымен кері қайтты. Бұл Уәлихановтың Атбас, Өзгөн және Нарын өзендерінің алаптары мен Шатыркөлді зерттеуіне мүмкіндік берді. Оған дейін бұл жерге бір де бір зерттеуші аяқ баспаған. Ары қарай Зәуке асуы мен Ыстықкөл алабы арқылы өткен Шоқанның керуені 1859 жылдың 12 сәуірінде Верныйға жетті. Ғалым мұнда бір жарым ай демалды. Сосын Семейге барып, Федор Достоевскиймен жолығады да, ары қарай Омбыға кетеді. Олардың қарым-қатынасының қысқаша тарихын сақталған хаттар арқылы көруге болады. Мұнда ол жинаған материалдарын өңдеп, өзінің саяхаты туралы есеп дайындаған.

Географиялық шолу, тарихи очерк, халық саны, үкімет жүйесі және саяси жағдай, өнеркәсіп және сауда… Шоқан мұның бәрін жазды. Ал оның осы сапарына дейін Еуропа ғылымдары бұл өлке туралы көп нәрсені білмейтін еді. Шоқан Қашқарды кімдердің және қалай басқаратынын бүге-шігесіне дейін жазды. Өйткені ол еуропалық ғалымдардың шығыстағы қала басқару тәсілін жеткілікті зерттей алмағанын білетін. Оның бұл мәліметтері кейін көп жерде кеңінен пайдаланылды.