Жобаның мақсаты – Шоқан Уәлихановты жан-жақты танып-білуге, ұлы ғалым әрі саяхатшыны жаңа қырынан тануға мүмкіндік туғызу. Қарапайым тәсілмен оның мол мұрасына қол жеткізіп, Шоқан күллі адамзатқа тарту еткісі келген тылсым әлеммен қауышу. Сайтта көрнекті ғалымның цифрлық жүйеге көшірілген еңбектері мен хаттарына қоса, көркем және деректі фильмдер, оған арналған әдебиет те жинақталған. Кейбір тарауларда Шоқан өмір сүрген дәуір мен өзі толыққанды мүшесі болған Орыс географиялық қоғамы туралы баяндалады.

Жобаның негізгі бөлімі - «SHOQAN YALIHANOV» атты деректі фильм. Авторлар Шоқан есімімен байланысты жерлерді аралап, өмірбаянына қатысты деректерді зерттей келе, ең басты әрі ең күрделі мынадай сауалдарға жауап табуға тырысты: Шоқан ең алдымен кім – империяның офицері ме, әлде дала перзенті ме? Петербордағы тамаша мансаптан бас тартып, неге елге оралды? Туған халқының қандай арманын арқалағысы келді? Неліктен өмірі қайғылы аяқталды?

Жобаға KASPI.KZ қолдау көрсетті. Компания инновациялық үрдісті тек бизнесте ғана емес, өзі демеушілік жасайтын коммерциялық емес жобаларда да іске асырып жүр. Нақ осы KASPI.KZ арқасында Шоқан Уәлихановтың мұрасын цифрлық жүйеге көшіруге мүмкіндік туды.