Шоқан Дәуірі

1835 жылы Италияда Жузеппе Мелькиоре Сарто –болашақ Рим Папасы оныншы Пий туған. Ал Америка Құрама Штаттарында Сэмюел Лэнгхорн Клеменс - болашақта күллі әлемге Марк Твен деген есіммен әйгілі болатын қаламгер шыр етіп дүние есігін ашты. Ал дәл сол жылы қазақ даласында ұлы ғалым, географ, тарихшы, ағартушы, туған халқының мақтанашына айналатын Мұхаммед –Қанафия Шыңғысұлы өмірге келген.

Қазақ халқы бұл уақытта күрделі өзгерістерді бастан кешіріп жатқан. Ресей империясының құрамына толықтай өткен кез-тұғын. Реформалар күштеп таңылып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс -тіршілігін бұзды.

Патша билігі болмағанда Шоқан хан әулетінің өкілі ретінде Орта жүздің ханы болып, таққа отырар ма еді. Атасы Уәли ел билеген азамат. Кезінде үш жүздің басын біріктірген Абылай ханның немересі. Алайда 1822 жылы патша үкіметі «Сібір қырғыздарының жарғысын» қабылдап, далада ғасырлар бойы қалыстасқан хандық жүйені жойып тынды. Сөйтіп, әлгі жарғының күшімен хандық жүйенің орнына жаңадан құрылған округтарда билік аға сұлтандарға берілді. Бастапқыда бұл лауазымға төре тұқымдары, яғни Шыңғыс ұрпағынан тарағандар ғана лайық деп саналды.

НЕГЕ ШОҚАН ДЕП АТАДЫ?

Шоқан Уәлихановтың азан шақырып қойған есімі Мұхаммед-Қанафия. Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелететін. Осылайша Шоқан аталып кетті. Жалпы, бұл сөздің мағынасы қандай? Қазақ тілінде «шоқаю» және «шоқию» деген сөздер бар. Біріншісі «шоқиып отыру» дегенді, екіншісі тізерлеп отыру деген мағына береді. Сонымен қатар «шоқаң етті» деген тіркес те қолданыста бар.

Айналасын танып-білуге құмар бала Шоқан Құсмұрын мен Сырымбетке келген жамағайындары, зерттеушілер мен офицерлердің тұрмыс-тршілігін күн ұзаққа бір орнынан қозғалмай, шоқиып отырып бақылайтын. Бәлкім, Шоқан атану да осыған байланысты шығар.

Бір қызығы, Шоқан өзінің қолжазбалары мен күнделігін көбіне тізесіне қойып отырып жазған көрінеді. Осылайша, тізерлеп отыру оның өмір бойғы әдет -дағдысына айналды.

Әжесі мен анасының еркелетіп қойған есім біржола өзгерді. Тарихта да есімі Мұхаммед-Қанафия емес, Шоқан болып қалды.

Аға сұлтанға 3 жыл округ басқарғаннан кейін бірнеше мәрте қайта сайлану құқығы берілді. Сондай-ақ майор шенін қоса алатын. Үш рет қатарынан сұлтан боп сайланған адам дворянин атанды. Дегенмен аға сұлтан болу үшін дауыс берудің қорытындысынан бөлек, жоғарыдағы басшылықтың келісімі де қажет. Бұл жарғыда тайға таңба басылған жазылған. Осы тармақ Шоқанның 1862 жылы аға сұлтан атануына кедергі келтірді. Ш. Уәлиханов сайлауда жеңді. Бірақ Омбы әкімшілігі оның қарсыласы Ерден Сандыбаевтың кандидатурасын бекітті. Патша үкіметі Сандыбаевтың жуас, көнбіс мінезін құп көрген секілді. Өйткені, Шоқанның әкесі аға сұлтан болғанын ескермей, бірауыздан оның қарсыласын қолдаған. Осылайша жарғыда айтылған сұлтан лауазымы әкеден балаға ауысуы тиіс деген тармақ та жайына қалды.

Қазақ бүркітшілері. XIX ғасырдың екінші жартысындағы фотосурет

Бұл 1822 жылы шыққан «Сібір қырғыздары туралы жарғыдағы» жалғыз қарама-қайшылық емес. Әкімшілік басқару, сот пен салық жүйесінде тәртіп орнатуы тиіс заң ережелері керісінше былық пен жемқорлықтың жайылуына әкеп соқты. Мәселен, жарғының атын жамылған патша жандайшаптары мен болыстар халықты аяусыз қанап, алдындағы малын жөн-жосықсыз тәркілей бастады. Тартып алынған төрт –түлікті сатып, қазынаға тек белгіленген сомасын өткізіп отырған. Қалғанын сұлтандар қалтаға басып отырған. Бақылау жүргізу үшін жіберліген патша шенеуніктері де парақорлыққа белшесінен батып, жергілікті сұлтандармен, болыстармен ым-жымы бір болып, сыбайлас атанды. Бекітілген әкімшілік басқару жүйесі шын мәнінде өзінің жарамсыз екенін көрсетті. Соның кесірінен қазақ даласында әлгі жарғыда жазылған аурухана да, мектеп те, тіпті, қайырымдылық үйлері де салынбай қалды.

Қатал әкімшілік иерархиялық жүйе құрылып, басқарудың округтық жүйесі енгізілетін болды. Сөйтіп жаңа округтар құрылды. Округтар болыстарға бөлінді. Ал болысы ауыл әкімшіліктері құрады. Әр округта 15—20 болыс, әр болыста 10—12 ауыл, ал әр ауылда 50—70 түтіннен болды. Территориялық жағынан әр рудың орналасқан жері сол жарғыда тарихи тұрғыдан айқындалды. Бұл да жергілікті халыққа ауыртпалық әкеліп, келеңсіздіктер тудырды. Сөйтіп, әр ауылда 50-70 үйдің орнына тек он шақты түтін қалды. Ақыры бұл бастама шағын елді-мекендердің бірігуіне әкелді. Ал 100 –ден аса отбасы бар ауылдар, керісінше бөлінуге мәжбүр еді.

Әсіресе, көшіп-қонатын аумақтың тарылуы қазаққа зұлмат әкелді. Ауылдарға белгіленген атыраптан ары асуға тыйым салынды. Күштеп отырықшыландыру саясаты ашаршылық пен алапат жұттың басталуына себепкер болды.

XIX ғасырдың 30-шы жылдар соңында әлгі жарғының көмегімен Ұлы далада тыныштық пен тәртіп орнатамыз деген жоспардың күлі көкке ұшты. Ел аумағында көтеріліс пен наразылық дүмпуі жиіледі. Осы ретте Ғұбайдолла мен Саржан сұлтандар, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістерді айрықша атап өткен жөн.

Содан болар, 1838 жылы император I Николай «Сібір қырғыздарын (қазақ) басқару жөніндегі жеке ереже» дайындау туралы қаулы шығарады. Аталған ереже бойынша Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының әкімшілік жүйесін қайта құру қолға алына бастады. Енді Қазақ даласын басқару тізгіні Омбы облыстық басқармасынан Сібір қырғыздарын (қазақ) басқаратын шекаралық басқармаға өтеді. Орталықтан басқарылатын аймақ нақты басшылық пен Ресей өкіметінің отаршылдық жоспарын жүзеге асыру үшін қажет еді. Патша билігінің жымысқы саясаты 1838 жылы қабылданған «Ереженің» арқасында ғана жүзеге аса бастады.

ШОҚАН ҚАШАН ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ?

Шоқан Уәлихановтың нақты қай күні туылғанын ешкім білмейді. Ол уақытта қазақ даласында дүниеге келген сәбилерді ешкім тіркеп жазбаған. Әйтеуір, 1835 жылдың қарашасы екендігі белгілі. Алайда бұл да нақты емес. Өйткені Ресейдің Сыртқы Істер министрлігінің мұрағатында сақтаулы тұрған формуляр тізімдегі деректер мүлдем өзгеше. Онда 1860 жылдың қыркүйегінде Шоқан Уәлиханов 25 жаста болған делінген. Қарындашпен түзетілген екінші құжатта тура сол жылдың қазан айында 24-ке толды делінген. Ал осы формулярдың тағы бір жолында Уәлиханов 1853 жылдың қарашасында 18 жаста деп көрсетіліпті. Бұны құжатты толтырғандардың жұмысына немқұрайлы қарауынан жіберген қателіктері делік. Онда Шоқанның жан досы әрі кадет корпусында бірге оқыған Григорий Потаниннің өзі Шоқан Уәлиханов 1837 жылы туғанына сенімді болғанын жазбаларынан аңғаруға болады. Г.Н.Потанин Шоқан туралы естеліктерінде: «Сібір кадет корпусына 1847 жылдың күзінде түскеніне қарағанда ол 1837 жылы туылған. Өйткені корпусқа 10 жастан бастап қабылдайтын. » -деп жазған. Яғни ол нақты деректерге сүйенбей , өзінің ойын тұспалдаған. Шын мәнінде Шоқан Уәлиханов кадет корпусына 12 жасында қабылданды.

Қазақ тұрмысынан көрініс. XIX ғасырдың екінші жартысы

Сөйтіп, Дала өлкесіндегі жағдайға белсене араласуынан патша билігінің Орталық Азиядағы стратегиялық мүддесін көздеп, геосаяси ұстанымын күшейтуді көздегенін аңғаруға болады. Сондай-ақ Ресейдің Азия елдерімен сауда-саттық пен өзге қарым-қатынаста қауіпсіздікті қамтамасыз етуі қажет еді. Бұған қоса, кен орындарын игеру де мақсат етті.

Минералдық ресурстарға бай, мыңғыраған малы бар, стратегиялық жағынан тиімді, құрлықтың қақ ортасында орын тепкен Қазақ даласы ресейлік кәсіпкерлердің көзқұртына айналды. Тек орыстар ғана емес, күнгейде Қоқан хандары көз алартса, Батыстан Британияның қай майлы жілік көрсе, соған ұмтылатын сауда компаниялары да бұл аймақта пайда тауқып қалғысы келді. Шығыста таусылмайтын тартыс пен соғыстың салдарынан жоңғарлар ақырыкүйреп, тарих қойнауына кетті. Сол тұста Аспанасты елі Шығыс Түркістанды оңай бағындырды. Қытай билеушілері өздері талқандаған Жоңғарияның қарамағындағы аумақтарға көз аларта бастады.

Жан-жақтан қысым күшейе бастағанда қазақ хандары көп қырлы саясат жүргізді. Олар Ресей империясы және Қытаймен тату көрші болуға тырысты. Қоқанға салық төлеп тұрды. Осы мезетте Ресей мемлекеттік шекарасын Сібірден қазақ даласының аумағынан ары жылжытады. Бұған негіз ретінде «қазақ хандары Ресейге адалдық жөнінде ант берді» деген күмәнді уәжді алға тартады. Сібірдің генерал-губернаторы және «Сібір қырғыздары (қазақ) жарғысының» авторы М.М. Сперанский «Осылайша қазақтар Ресейдің қол астына өтіп, заңды тұрғыдан біздің империяның азаматтары атанды» деп мәлімдеді.

Ресей империясының шекарасын кеңейтуі сырты саясат сахнасындағы өзге ойыншылардың айтарлықтай қарсылығын туғызбады. Қытайдың Қоқанға шабуылы сәтсіз аяқталып, императорлар Шығыс Түркістандағы көтерілістерді басумен әлекке түсті. Ал Ұлыбритания оңтүстік-шығыстағы нарықты жаулап алу мен Қытайға қарсы іс-қимылды күшейтуге көбірек көңіл бөлді. 1864-65 жылдары полковник Черняевтің жасағы әскери-техникалық жағынан артта қалып қойған Қоқанға шабуыл жасады. Осы әскери жорыққа Шоқан Уәлиханов шамалы уақыт қатысып, кейін кетіп қалады. Көп ұзамай, 1868 жылы Қоқан хандығы тәуелсіздігінен айрылып, Ресейдіңоңтүстік өңірдегі кезекті боданына айналды.

Англияның Шығыс Түркістан картасы. 1874 жыл

Шоқан Уәлихановтың тұлға ретінде қалыптасуы ұлан-ғайыр даладағы осындай аумалы –төкпелі кезеңге тап келді. Баласына сапалы білім беру керектігін жақсы түсінген әкесі қиын-қыстау заманға қарамастан, он екі жастағы ұлын Омбыдағы әскери училищеге жібереді.

Омбы ол уақытта Батыс Сібір мен Дала өлкесі генерал-губернаторлығының әкімшілік орталығы еді. Омбы айрықша мәртебесімен Санкт-Петербор, Мәскеу, Варшава, Гельсингфорс (Хельсинки) және Тифлис (Тбилиси) сияқты қалалармен қатар Ресей империясының мемлекеттік туын көтеруге хақысы бар санаулы қалалардың қатарында болғанын айта кетейік.

Омбы. XIX ғасырдың соңындағы боялған сурет

Дегенмен Омбының іргетасы әскери бекініс ретінде қаланғандықтан, дәрежесі де солай болып қала берді. Сібірдің желілік әскери күштері Омбыдан басқарылды. Батыс Сібірдің бейресми астанасының бүкіл тұрмыс-тіршілігі әскери саламен байланысты еді. Білім беру мекемелерінде де әскери тәртіп сақталды.

ХІХ ғасырдағы Ресейдің қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер білім беру саласын да айналып өтпеді. «Халық ағарту министрлігі құрылып, «Университеттер жарғысы» және «Білім беру мекемелерінің жарғысы» қабылданды. Халықты ағарту мен білім беру мекемелерін басқарудың жаңа жүйесі енгізілді. Аталған жүйеге сәйкес, оқу тегін, барлық азаматтар (крепостной шаруалардан басқалары) тең құқықты саналып, білім берудегі бірізділік –басты қағида болды. Ресей 6 білім беру округына бөлінді. Осы округтардың әрқайсысында өз университеті ашылды.

1836 жылы Ресей империясындағы әскери білім беретін мекемелерде де реформа басталды. Кадет корпусына соның ішінде «бөтендер» деп саналатындарға да арналған бірыңғай білім беру жоспары пайда болды. 1847 жылы Шоқан Уәлиханов осындай оқу ордасының, нақтырақ айтқанда, Омбыдағы Сібір кадет корпусының табалдырығын аттады.

ТЕМІР КЕРЕУЕТ

Уәлиханов туралы еңбектерде Шоқанның Қашғарияға Әлімбай деген бүркеншік атпен көпес боп келген өтірігі әшкере бола жаздағаны жазылған. Өйткені ол самаурыннан шәй ішіп, темір төсекте ұйықтапты. Яғни осы әрекеті күдік тудырса керек. Бұл асылы көпестерге емес, орыс офицерлеріне тән қасиет еді. Бір қызығы, Шоқанның да, жанындағы офицерлердің де ол туралы өтірікті құрастырарда осындай ұсақ-түйек мәселеге соншалықты мән бермеуі түсініксіз боп көрінуі мүмкін. Самаурын туралы пәлендей бірдеме деу қиын. Дегенмен Шоқан «самаурынды жанынан тастамай алып жүрген» дегенді елестету қиын. Өйткені темір шәйнек әлде қайда ыңғайлы еді. Олай болған күннің өзінде Қашғария жұртшылығы үшін самаурын таңсық зат емес еді. Оның үстінде Құлжаға жақын жерде орыс факториясы қызу жұмыс істеп тұрған. Онда самаурынның небір түрі табылатын. (Бұған Шоқан Уәлихановтың Құлжадағы сауда-саттық туралы жазбалары дәлел.)

Ары қарай оқу...

Омбы кадет корпусы. XIX ғасырдың соңындағы боялған сурет

Әскери білім беру мекемесі Сібір казак әскери училищесінің негізінде құрылды. Бір ерекшелігі, кадет корпусына тек дворяндар (эскадрондар) мен казак офицерлерінің балалаларын ғана қабылдайтын. Қарапайым казактарға мұнда есік жабық еді. Роталарда да тек қазақтың ақсүйектерінен шыққан ұлдарға оқуға мүмкіндік берілді.

Қазақтар Омбы базарында. XIX ғасырдың екінші жартысындағы фотосурет.

Корпуста әскери және жалпы пәндермен қатар жаратылыстану мен нақты ғылымдармен қоса, шығыс тілдері де оқытылды. Осының арқасында кадет корпусы Батыс Сібірдегі маңдайалды білім беретін әрі ғылымды дамытқан орталыққа айналды.

Қазақ отбасы. XIX ғасырдың екінші жартысындағы фотосурет

1851 жылы Сібір кадет корпусында «Қырғыз (қазақ) сұлтандарының балаларына жан-жақты білім беру туралы оқыту жоспары» қабылданды.Аталған жоспар бойынша 8 жылдық білім беру жүйесі құрылады. Дегенмен дәл сол жылы әскери білім беру мекемелерін басқару штабының бастығы Я.И. Ростовцев қазақ сұлтандарының балаларына саяси және жаңа заман тарихын оқытуға тыйым салды. Әскери шенді де «төрт сыныптық жалпы курсты» тәмамамдаған соң ғана беруді көздейтін нұсқау береді. Осылайша қазақ кадеттері соңғы сыныптағы мамандандырылған әскери курста тәлім алмайтын болды. Бұл курстарда артиллерия ғылымы, тактика және фортификацияны үйрететін. Жалпы, арнайы сынып Сібір кадет корпусында 1853 жылы , яғни оқыту бағдарламасы 6 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған тұста ғана ашылды. Сегізінші, қосымша сыныпта өзге ұлт өкілдерінен шыққан кадеттер орыс тілін үйренуге тиіс -тұғын. Ал Шоқан Уәлиханов ескі, алты жылдық бағдарлама бойынша оқып шықты. Ол 1853 жылы барлық пәндер бойынша сынақты үздік тапсырып, әскери қызметке тағайындалуды күтіп жүрген еді.

Білім берудің сапасы мен деңгейінің дамуы, университеттерде мықты ғылыми базаның құрылуы Ресей ғылымының ілгерілеуіне ықпал етті. Астрономиялық зерттеулер мен зертханалық талдаулар жасауға жан-жақты мүмкіндік жасалып отырды. Географиялық экспедициялар саны барған сайын көбейе түсті. 1845 жылы Ресейде Орыс географиялық қоғамы құрылды. Шоқан Уәлиханов кейінірек аталған ұйымның толық мүшесі атанады.

ШТАБС-РОТМИСТР МЕ ӘЛДЕ ШТАБС-КАПИТАН БА?

Шоқан Уәлихановтың әскери шеніне қатысты әлі күнге адамдардың көкейінде сауал көп. Осыдан болар Шоқанның орыс офицері ретіндегі қызметіне қатысты небір алып-қашпа әңгімелер тараған.1860 жылдан кейінгі құжаттарда ол штабс-ротмистр, екінші жерде штабс-капитан деп жазылған. Сонымен оның шені қандай ? Бұл жерде ешқандай қарама-қайшылық немесе қате жоқ. Шоқан кавалерия яғни атты әскер жасағында қызмет еткен. Бір жағынан Уәлихановтың атқарған міндеттеріне қарасақ, кейбір деректер назар аудармай қоймайды. Атап айтақнда, ол Сібір кадет корпусын тәмамдағаннан кейін Шоқан «әскери кавалерияның» корнеті болған. Ол құжат жүзінде Сібір казактарының әскерилерінің 6-шы кавалериялық полкінің құрамында болғанымен, атты әскер сапында ұрыс қимылдарына қатыса қойған жоқ. Ол кезде Ресей империясында «штабтағы офицер» деген ұғым болмаған. Міне, осы кезеңде император Екінші Александр аса маңызды жарлық шығарып, Шоқанға Қашғариядағы міндетін мінсіз әрі абыроймен атқарғандығы үшін «штабс-ротмистр» шенін тағайындады. Дәл осы лауазымдағы жаяу, артиллерия мен инженерлік әскердегі офицерлер сол кезде «штабс-капитан» деп аталатын еді. Сайып келгенде осы екі әскери атақ бір дәрежені білдіретін. Сондықтан Шоқан Уәлихановты кейде штабс-ротмистр емес, штабс-капитан деп атай беретін.

Императорлық университет

Экспедициядағы ғалымдардың басты назары Орталық Азияда болды. Сол уақытта Ресей әлі тың, мүлде зерттелмеген қазақ жері, Дала өлкесін мекендеген халықты танып білуге ден қойды. Бұл халықтың тыныс-тіршілігін, мінезін, әдет-ғұрпын, дінін, жерінің берер байлығын білу отарлаушы биліктің басты мақсаты еді. Сол себептен әлгі қоғам қызметінің бастапқы кезеңінде осы ұстаным басымырақ болды. Қазақтың сайын даласын зерттеуді М.В Ломоносов алғашқылардың бірі бастаған. Тарихы, тілі, этнографиясын танып білу мақсатында экспедиция ұйысдастырды. Соның негізінде 1832 жылы А.И. Левшиннің «Қырғыз-казак немесе қырғыз-қайсақтардың ордалары мен жерлері туралы сипаттама» атты еңбегі жарық көрді. Ал 1867 жылы Орыс географиялық қоғамының Орынборда бөлімі ашылды. 1877 жылықоғамның Батыс Сібір бөлімі, одан кейінгі жылдары Семейде бөлімшесі ашылды. Абай сол бөлімшемен байланыста болған.

ХІХ ғасырдың ортасына қарай патшалық Ресейдегі мешеу жүйеге үлкен реформалар жасау қажеттілігі барған сайын сезіле бастады. Жаңа бастамалар тұрмыс-тіршіліктің барлық саласын қамтыды деуге де болады. 1855 жылы император I Николай қайтыс болды. Патша тарихта декабристерді аяусыз жазалап, жаншыған, кез-келген либералды идеяны түп-тамырымен жойған, шенеуніктердің шексіз даңдайсуына жол берген, жөн-жосықсық басқыншылық жорық жасаған қатігез билеуші ретінде есте қалды. Оның бір ғана Қырымға қарсы соғысын айтса да жетерлік. Патша Николайдың өлімінен кейін таққа II Александр отырды. Оны жұрт «азат етуші патша» деп атап кетті. Ол билікке келген соң крепостной правоны, шаруаны басыбайлы сатуға рұқсат берген жүйені жойды. Зиялы қауымға қолайлы орта пайда болды.

Екінші Александрдың реформалар жүргізуне «либералдық бюрократтардың» ықпалы зор болды. Олар өзгерістердің қажет екендігін түсінетін бірнеше шенеуніктерден құралған топ еді. Жиындарын ұлы княгиня Елена Павловнаның салоны мен Теңіз министрілігі, орыс географиялық қоғамының кеңсесінде өткізіп тұрды. Реформалар науқаны кезінде Екінші Александр «либералды бюрократтарды» басшылық лауазымға тағайындап отырған. Жүктелген міндет аяқталған соң консервативті ақсүйектермен қарым-қатынасты бұзбас үшін оларды қызметтерінен алып тастайтын.

ПАРИЖ

Зерттеушілер арасында Шоқанның Парижде болған –болмағаныдығы даулы мәселе. Шоқанменжақын араласқан адамдар «Шоқан Парижді көрмеген ,- депті. Алайда бұған көпшілігінің сенгісі жоқ. Парижде болды деген пікрді ұстанушылар, мына бір деректі алға тартуда: Шоқанның 1860 жылы 4-қарашада ата-анасына жолдаған хатында: «Құдай қаласа, бір айдан кейін Петербордан Парижге аттанамын. Осы сапарыма қажет болар деп, бір кісіден қарызға ақша алдым...Енді маған бір жыл бойы жүріп –тұруыма қажет мың сомды (рубль)салып жіберулеріңізді сұраймын. Өйткені, қарызын қайтаруға қауқарсыздарды шетелде түрмеге отырғызады дейді».

Ары қарай оқу...

Қаржы саласындағы реформалар жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюға бағытталған еді. Сол арқылы осы секторды капиталисттік жүйеге көшіруді де қарастырған. Сөйтіп, мемлекеттік банк құрылып, қаржылық есеп-қисап ашық жүргізілетін болды.

Әскери реформаның көмегімен жауынгерлердің қоныстарының көзін құртып, әскери бөлімдер құрылды. Ондағы соғысқа қажет қару –жарақтар мен техника жаңартылып, ұрыс уақтында бұл бөлімдер «әскери округ» деп аталатын болды. Земстволық реформа ауылдарда жергілікті өзін-өзі басқару органдары құрылды. Өз заманы үшін бұл үлкен қадам болды.

Бұрынғы көпсатылы соттар жүйесі кезінде кейбір процесстер он жыл қаралатын. Енді оның орнын бітімгершілік пен жалпы соттар басты. Істер әкімшілік және қылмыстық боп бөлінді. Аса ауыр қылмыстарды алқа билер соты қарайтын болды.

Ресей Қазақстан аймағын толық қаратып алғаннан кейін хандық билікті жойып, басқаруды өз жүйесіне сәйкес реформалауға кіріскен еді. 1862 жылдары жүргізіле бастаған сот реформасы империяның осы кең көлемдегі отаршылдық саясатына тікелей қатысты болды. Осы мәселеге арналған Шоқан Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазба» атты еңбегі – сол кездегі құны бүгін де биіктемесе, әсте төмендемеген, қазақтың саяси құқықтық, әлеуметтік-экономикалық ойының теориялық және практикалық жағынан асқар шыңы. Бұл орысша оқып, орыс ортасында өсіп, орысша тәрбиеленіп, Еуропа мәдениетін ұстанғанымен, автордың ұлттық рухани бұлақтан сусындағанын байқатады. Ол білгенін жетілдіре түсті. Қабырғалы еңбек - Шоқанның өз халқының адал перзенті екенін дәлелдейтін шығарма.

Петрашевшілерді жазалау көрінісі

ХІХ ғасырдың 40-жылдарында еуропалық либералдық дүниетаным Ресейге келіп, сондай идеяның жетегіндегі орыс зиялылары идеологиялық ұстанымына сәйкес түрлі басқосулар өткізе бастады. Осындай зиялы қауым өкілдерін олардың «әлеуметтік -утопиялық» идеяларына қарап «еркін ойлаушылар» деп атайтын. Сол заманда мұндай үйірмелер көп еді. Солардың арасында ең танымалы - пәлсапашы Михаил Буташевич-Петрашевскийдің үйінде өтетін кездесу-тұғын. Оған ақын С.Ф.Дуровтың, жазушы Ф.М.Достоевский және сыншы А.Н.Плещеевтің қатысқанын айтсақ та жетіп жатыр. 1849 жылы үйірме жабылып, патша әмірімен «петрашевшілдер» өлім жазасына кесіледі. Бірақ халықтың алдына шығарып, ату жазасын жүзеге асырмақ болған сәтте, патша рақымымен жаза жеңілдетіліп, каторгаға айдалады. Осылайша, Дуров пен Достоевский қазақтың дарынды ұлы Шоқан Уәлихановпен танысты. Олардың демократиялық көзқарастары Шоқанның дүниетанымына ықпал етпей қоймады.

ЖҰМБАҚ СОТНИКОВ

Шоқан Уәлихновқа небір жақсы-жайсаңдармен, шапағаты мол адамдармен танысудың жиі сәті түсетін. Түрлі өмірбаяндық шығармаларда Шоқанның атақты орыс жазушысы Федор Достоевскиймен, сондай-ақ, географ және саяхатшы Г.Н. Потанинмен, сондай-ақ ресейлік ықпалды шенеунік әрі зерттеуші К.К. Гутковскиймен достық байланысы жайлы жан-жақты деректер келтіріліп, қызықты мәліметтер ұсынылады. Уәлихановқа Г.Х.Гасфорт және Г.А.Колпаковский сияқты ықпалды генералдар қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп отырған. Белгілі ғалымдар И.Н. Березин мен А.Н.Бекетов қазақтың жас сұлтанының білімі мен ақыл -ойына тәнті болып, оның ғылыми ізденістеріне көмек көрсетіп отырған. Ал атақты саяхатшы Петр Семенов-Тянь-Шанский Шоқанды Орыс географиялық қоғамының тұрақты мүшесі етіп қабылдау жөнінде өтініш жасаған.

Ары қарай оқу...

Екінші Александр билік құрған тұста қоғамда неше түрлі саяси күштер - либералдар мен халықтық –радикалдық қозғалыстар белең алып, елде төңкеріс ұйымдастыруға дайындалып жатты. Император қоғамды демократияландырғысы келеді. Бірақ, 1881 жылы «Халық еркі» фракциясы императорға бомбамен қастандық жасап, патшаны өлтірді.

Патша өкіметінің біржақты реформасына қарамастан, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақ даласы мен Ресей арасындағы қоғамдық, әлеуметтік, мәдени қарым-қатынастар жалғасып жатты. Шоқан Уәлиханов осы тұста екі ел арасын байланыстарын дәнекер іспеттес болды.

Сол замандағы ең көрнекті әрі беделді қоғам қайраткерлерімен етене араласу арқылы өзге халықтар алдында туған халқының беделі мен мәртебесін көтеру үшін қажыр-қайрат жұмсағанын аңғаруға болады. 1835 жылы туған Мұхаммед-Қанапия Шыңғысұлы қазақтың кезекті бір ханы болғанда Шоқан Уәлиханов сияқ ты туған халқының атақ-даңқын шартарапқа жая ала ма еді? Әй қайдам...

Қазақ және орыс отбасылары бірге. XIX ғасырдың екінші жартысындағы фотосурет