Орыс География қоғамы

Императорлық Орыс география қоғамының мөрі. 1915 ж.

Шоқан ШыңғысұлыУәлиханов 1857 жылдың 27-ақпанында Орыс географиялық қоғамының құрамының толық мүшесі атанды. Қазақ даласынан шыққан жас ғалым үшін бұл үлкен мәртебе еді. Бұл еуропалық пен әлемдік қауымдастық алдында сол уақытта толық зерттелмеген Қазақстан мен Орта Азияның әлі зерттеле қоймаған ғажайып әрі қазынасы мол жерлерін танытуға зор мүмкіндік болды.

ХІХ ғасырдың ортасында Ресей империясында бірқатар саяхатшы, географ пен ғалымдардың атағы шықты. Мәселен, Петр Семенов-Тян-Шанский, Николай Пржевальский, Карл Бэр. Осы азаматтар сияқты өз заманындағы үздік ғалымдар Орыс географиялық қоғамының мүшесі атанды. Бұл ұйым 1845 жылы 18-тамызда Бірінші Николай патшаның жарлығы бойынша құрылды. Бұл дүниежүзіндегі ең көне географиялық қоғамдардың бірі. Ең алғышқысы Парижде 1821 жылы, 1828 -де Берлинде, ал екі жылдан кейін (1830) Лондонда ашылған.

Атақты теңіз саяхатшысы Федор Петрович Литке Орыс география қоғамын ұйымдастырудың қажеттілігі туралы ішкі істер министрі Л.А. Перовскийге берген баянхатында: «Қоғамның басты міндеті Ресей мен одан шеткері жерлерде біздің Отанымыз туралы толық әрі сенімді мәліметтер жинау және тарату болады», - деп көрсетті. Қоғамды құру туралы мәселені үкімет алдына қойған сол тұстағы белгілі теңіз саяхатшылары адмирал Иван Крузенштерн, Фердинанд Врангель , Петр Рикорд, Петербургтағы ғылымдар академиясының мүшелері: лингвист Владимир Даль,генерал-квартирмейстер Федор Берг, геодезист Михаил Вронченко, мемлекеттік қайраткер Михаил Муравьев, князь меценат Владимир Одаевскиймен қатар өзге де жекелеген географтар мен ғалымдар болды.

1850 жылы ұйым Императорлық Орыс географиялық қоғамы деп аталды. Оны тек императорлар үйінен шыққан тұлғалар мен ақсүйектер әулетінің тікелей басқарып, солардың қорғауында болған.

Орыс географиялық қоғамы ішкі істер министрлігі қарамағынан құрылып, мемлекеттік дәржеге ие болды.

Құрылған кезден бастап Ресей имперясының және оған iргелес елдер туралы географиялық мәлiметтер жинады. Сонымен қатар, қоғамның міндетіне әскери барлау операциялары мен әлемнің кез-келген түкпірінде Ресейдің геосаяси мүддесін қорғау кірді. Орыс географиялық қоғамына мүше болған кез-келген саяхатшыға зерттеу жұмыстарына қажет материалдық көмекпен қоса, әскер мен теңіз флотының көмегіне жүгіне алуға мүмкіндік берілді. Белгілі ғалым әрі саяхатшы Прежевальскийдің айтуынша, Орыс географиялық қоғамының экспедициялары негізінде «әскери жорық алдындағы ғылыми зерттеу» болған көрінеді. Саяхатқа қатысқандар географиялық картадағы сол уақытқа дейін зерттелмеген, көпшілікке беймәлім өңірлерге аяқ басып, бірінші боп жүруге тура келген.

Орыс географиялық қоғаымының жаңадан игерiле бастаған Сiбiр мен Қиыр Шығысқа, Қазақстан мен Орта Азияға, Орал мен Кавказға, ғылымға беймәлiм Орталық Азия мен полюстiк аймақтарға, т.б. ұйымдастырған экспедициялары дүниежүзіндегі география ғылымына теңдесi жоқ үлес қосты. РГҚ 1877 жылы Батыс Сібірде өз бөлімін ашты. Кейінірек Семейде де бөлімшесі құрылады. Бөлімше жұмысына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев та араласып, сол қоғаммен байланыста болған.

Император I Николай

  • В.Ф.Одоевский
  • П.И.Кёппен
  • Ф.П.Литке
  • В.Я.Струве
  • В.А.Перовский
  • А.И.Лёвшин
  • Ф.Ф.Берг
  • Г.П.Гельмерсен
Ұлы князь
Константин
Николаевич
  • И.Ф.Крузенштерн
  • Ф.П.Врангель
  • В.И.Даль
  • П.И.Рикорд
  • П.А.Чихачев
  • К.И.Арсеньев
  • М.Н.Муравьев
  • К.М.Бэр

П. И. Пущиннің Санкт-Петербордағы Мойка өзені бойындағы үйі. 1860 жылы 4 мамырда Ш. Уәлиханов осы жерде ИОҚО мәжілісінде Қашқар саяхаты туралы баяндама жасады.

Тағы бір қызық дерекке назар аударыңыз: ОГҚ жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес. Қазан төңкерісі мен Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде де зерттеулер жүргізген. Тіптір КСРО құрылуы да қоғамның жұмысына тосқауыл болмады. (Кеңес одағы тұсында Бүкілодақтық географиялық қоғам деп атауы ғана ауысты.) Санкт-Петербор шаһарындағы аталған қоғамның штаб-пәтерінің қожайындары да 1908 жылдан бері ауыспапты. Қоғам Чернышев көпіріндегі (қазіргі Ломоносов алаңы) 6-гимназияда 1862 жылдан бастап тегін орналасқан. Алғашқы жылдары Певческий көпіріндегі Пущин үйінде географиялық қоғамның қажетіне деп 1200 рубльге пәтер жалданатын еді. Дәл осы пәтерде 1860 жылдың 4-мамырында Шоқан өзін күллі әлемге мәшһүр еткен Қашғарияға саяхаты туралы баяндамасын оқыған.

Шоқан Уәлихановты императорлық Орыс география қоғамының (ИОҚО) тұрақты мүшесі етіп қабылдау жөніндегі дипломның көшірмесі. 1875 жыл

П.П. Семенов-Тян-Шанский

Қашқар қызы. Ш.Уәлиханов салған

Шоқан өзінің Орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылдануына әйгілі саяхатшы һәм оқымысты Петр Семенов Тян-Шанскийдің көп көмегі тиді деп есептеген. Екеуі табиғаты таңғажайып Іле Алатауы өлкесі мен Ыстықкөлге сапары кезінде достық қарым-қатынас орнатқан болатын. Семенов Тян-Шанский ұсыныс хатында: «Шоқан Уәлиханов Ыстықкөлдің шығыс жағалауына сапар шекті. Онда қырғыз (қазақ) даласы жайлы теңдесі жоқ географиялық, этнографиялық және тарихи материалдар жинады.»- деп жазған. Сол бір кезеңнен осы уақытқа дейін сақталып қалған тарихтың куәсіндей хаттамаға сенсек, оны мүшелікке қабылдау үшін ұйымдастырылған жиында дауыс берген 57 адамның 53-і қолдапты.

Шоқанның Уәлихановтың 1858-1859 жылдары Қашғарға саяхаты туралы баяндамасы Орыс Географиялық қоғамында сенсация жасады. Осы аса маңызды баяндама жасалғаннан кейін Шоқанның Қашғариядағы миссиясы ғылым саласындағы жаңалық деген баға берілді. Бас штаб департаментіне: «Шоқан Уәлихановтың жұмысы үкімет пен ғылымға зор үлесі тиеді. Бұған дейін біз жүгініп келген еуропалық белгілі ғалым-этнографтар мен шығыстанушы оқымыстылар жіберген олқылықтарының орнын толтырады әрі тың жаңалықтарды ұсынады» деп жоғары деңгейде баға беріледі.

Шоқанның кейбір еңбектері (Жоңғария очерктері, Адольф Шлагинтвейт өлімінің себебі туралы, «Алтышардың жағдайы» немесе Шығыстағы алты қала ) көзі тірісінде императорлық орыс географиялық қоғамының жазбаларында жарық көріп тұратын. Жас ғалымның мезгілсіз қазасынан кейін 1904 жылы шығыстанушы Николай Веселовскийдің редакциялауымен «Шоқан Шыңғысұлының шығармалары» атты топтамасы жарыққа шықты. Бұл басылым «Едіге» (жыр) және «Едіге» жырларының бастапқы әлі аяқталмаған тұсын қамтыған. Атап өткен жөн, осы баға жетпес аталған туындылардың толық нұсқасы бұған дейін де, кейін де еш жерде жариялана қойған жоқ.

Бір ғана Қашғарияға саяхатымен Шоқанның ОГҚ-дағы жұмысы бітпеді. Петерборда тұрған кезінде неміс географы Карл Риттердің еңбектерін баспаға дайындаумен, Қазақстан және Орталық Азияның географиясы мен этнографиясы туралы материалдар құрастырып, қоғам мүшелері үшін Шығыс Түркістан мен Қырғыз, Тянь-Шань туралы дәріс оқитын. Кейбір баяндмалардың қысқаша мазмұны газет беттерінде жарияланды. Белгілі орыс ғалымы -шығыстанушы Владимир Вельяминов –Зернов Шоқан атынан Уәлихановтың атынан Қоғам мүшелеріне шығыс монеталар топтамасын, Хаканның парсы қолжазбаларын көрсететін. Мұның бәрін Уәлиханов Шығыс Түркістаннан әкелген.

1865 жылы Лондонда ағайынды Джон және Мичеллдің «Орталық Азиядағы орыстар» кітабы шықты. Онда Шоқан Уәлихановтың ағылшын тіліне аударылған мақалалары да енген. Бұл еңбек Еуропада үлкен табысқа ие болды. Осы жұмыстың негізінде Франция мен Германияда да ғылыми кітаптар жарық көрді. Осындай құнды еңбектерінің арқасында Шоқан Уәлиханов Қазақстан мен Ресей ғана емес, бүкіл құрлыққа есімі мәшһүр ғалым атанды деуге толық негіз бар.