Семенов-Тян-Шанский Петр Петрович

(1827-1914)

Бойында керемет қабілеті бар Уәлиханов Омбы кадет корпусындағы курсты үлкен жетістікпен тәмамдады. Ал кейіннен Петербургте менің ықпал етуіммен университеттегі дәрісті тыңдады…

П.П.Семенов-Тян-Шанский

Орыстың аса көрнекті географы, ботанигі, экономист, мемлекет һәм қоғам қайраткері. Орыс императорлық география қоғамы төрағасының орынбасары (1873 жылдан), Орыс этномология қоғамының президенті (1889 жылдан). Ғылым академиясы (1873) мен Көркемөнер академиясының (1874) құрметті мүшесі. Билеуші сенаттың екінші (шаруалар) департаментінің сенаторы (1882 жылдан). Мемлекеттік кеңес мүшесі (1897 жылдан). Орыс тау қоғамының мүшесі (1900). Ресейдегі барлық университеттердің толық мүшесі.

Орталық Азияға бірқатар экспедиция жасау туралы бастама көтерді. Ғалым 1856-1857 жылдары бұған еуропалықтарға әлі беймәлім болып келген Тянь-Шаньды зерттеп, таудың орографиясы мен биік жерлерінің тұңғыш сызбаларын дайындады. Тянь-Шань таулы аймағын зерттеуге сіңірген еңбегі үшін оның фамилиясына императордың 1906 жылдың 23 қарашасындағы жарлығымен Тянь-Шанский деген сөз қосылды.

Омбыда экспедицияға дайындық жасап жатқан кезінде Семенов-Тян-Шанскийдің назарына жас офицер Шоқан Уәлиханов ілігеді. Оның дарыны мен қабілетін байқайды. Петр Петрович содан бастап Шоқанға қамқорлық жасап, зерттеу жұмыстарына барынша көмектесіп отырды. Петр Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен жас ғалым Орыс императорлық география қоғамына толық мүше болып қабылданды. Петербургтегі атақты әрі беделді ғалым Шоқан Уәлихановтың еңбектерін жарыққа шығаруға дайындау ісіне көмектеседі. Шоқан Уәлиханов Семенов-Тян-Шанскийдің Петербург университетіндегі дәрістеріне жиі барып, онымен түрлі мәселелер бойынша әңгімелесіп тұрған.

Материалдар: