Отанға оралу

1861

Ш.Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалдық мұражайындағы ескерткіші

Шоқан 1861 жылдың көктемінде туған ауылына келді. Жұртқа Петербург климатының кесірінен нашарлаған денсаулығымды таза ауа жұтып, қымыз ішіп емдеуім керек деген. Бірақ Шоқанды танитын адамдардың естелігіне қарағанда, ол сәл уақыт болса да қаладағы қарбаластан аулақ кетіп, үйреншікті ортаға оралғысы келген.

Ғалым зерттеу жұмыстарын жалғастырып, бастаған еңбектерін аяқтауды жоспарлайды. Уәлихановтар ауылында тұрған адамдардың айтуынша, Шоқан оралғаннан кейін ең алдымен айналасына халық ақындары мен жыршыларын жинапты. Ол ертеден қара кешке дейін солардың әндерін тыңдап, жазып ала отырып, туған өлкесінің ауасын армансыз жұтқан.

Шоқан Уәлихановтың оралғанын естіген көрші ауылдың тұрғындары да оған келе бастаған. Олар атақты жерлесін көрейін деп қана емес, одан түрлі мәселелер бойынша ақыл-кеңес сұрап келген. Шоқан ресми түрде басшы болуды нақ осы жағдайдан кейін ұйғарған сияқты.

Шоқан 1862 жылы Атбасар огругінің аға сұлтаны қызметіне сайлауға түсті. Ол Ф.Достоевскийге жазған хатында былай деген: «Сұлтан болуды ұйғарып отырмын. Өйткені отандастарыма пайдамды келтірсем, оларды шонжарлар мен байлардың озбырлығынан қорғасам деймін. Әрі мен бәрінен бұрын жерлестеріме білімді басшының қаншалықты пайда келтіретінін өзім арқылы көрсеткім келді». Шоқан сайлауда жеңіске жетті. Алайда генерал-губернатор Г. фон Фридрихс бұл қызметке оны бекітпей, сайлауда жеңіліп қалған Ерден Сандыбаевты қояды. Шоқан әділдікке қол жеткізуге тырысқанымен, онысынан ештеңе шықпады. Өйткені Батыс Сібір шонжарлары білімді, қайтпас қайсар Шоқан Уәлихановты басшылық қызметке отырғызуды жөн көрмеген.

Шоқан сұлтан бола алмай қалғанан кейін туыстарымен ұрсысып, Омбыға кетіп қалады. Ол 1863 жылдың жазында сот реформасының жобасына қатысты халықтың ойын білуге аттанған комиссияның жұмысына қатысқан. Сол тұста ғалым маңызды еңбектерінің бірі – «Сот реформасы туралы жазбаны» жазып шықты. Ол комиссияның жұмыс істеу әдісін сынға алып, Қазақстанда сот жүйесін құруға қатысты өз ойын айтқан (далалықтардың дәстүрлі әдет-ғұрпын ескеріп, бұрыннан бар билер институтын сақтау керек деген).

1864 жылдың басында Шоқан Уәлихановты генерал М.Черняевтың Қоқан хандығына қарсы әскери экспедициясына шақырады. Шоқан штабта аудармашы һәм келіссөз жүргізуші қызметін атқарып, қоқан әскерімен арада бейбіт келісімге қол жеткізуі тиіс болған. Алайда генерал Черняев қатаң әскери әрекетке барады. Көз көргендердің айтуынша, ол тіпті өзі жаулап алған Бішкек және Әулиеата бекіністеріндегі тұрғындарды аямай қырған. Осыған наразылық білдірген Шоқан жазда басқа да офицерлермен бірге Черняевтің штабынан шығып, Верныйға аттанады.

Ал енді басқа мәліметтер бойынша, Уәлиханов Черняевпен дауласпаған көрінеді. Экспедициядан әскери ведомствоның бұйрығымен кетіпті. Бұған офицердің кейін еш қудаланбағаны дәлел болады-мыс.

1864 жылдың мамырында (ол кезде Уәлиханов Черняевтің жорығына қатысып жүрген) Шоқанға Азия департаментінен ақша берілмей қалуы әлдебір оқыс жағдайға емес, оның қызмет орнында, яғни Санкт-Петербургте ұзақ уақыт болмауы себеп еді. Шоқан департаменттен кетірілуімен қатар сапарға шығуға поштаның атты қызметін пайдалану мүмкіндігінен де айырылды. Ал ұзақ саяхат жасауға өз қаржысы болмаған. Сондықтан ол Петербургке де, Омбыға да, тіпті туған ауылына да бара алмай қалды. Осы жағдайдан кейін ол албанның аға сұлтаны Тезектің ауылына барады. Мұнда Шоқан Тезектің қарындасы – Айсарыға үйленген. Сөйтіп, Шығыс Түркістандағы дүнгендер көтеріліс арқылы басып алған аумақтың мәселесімен айналысуға кіріседі.

Шоқан Уәлиханов Алатау округінің бастығы, генерал Г.Колпаковскийге көтерілістің барысы туралы есеп-хаттарын жарты жыл бойы жіберіп отырған. Әрі одан өзін ресми қызметке тағайындауды сұрайды. 1865 жылдың басында Семей облысының әскери губернаторы болып тағайындалған Колпаковский Шоқанға әкімшілікте қызмет атқаруды ұсынады. Қазақ жігіті бұған келіседі. Бірақ жаңа қызметке тағайындалып үлгермеді.

1865 жылдың 10 сәуірінде ауруы қатты асқынған Шоқан Уәлиханов отыз жасына да жетпей, Көшентоған шатқалындағы Тезектің ауылында қайтыс болды.

Орыс география қоғамы өзінің 1865 жылғы есебінде ғалымның дүниеден мезгілсіз өткені туралы хабар жариялады. Әрі сонда оның ғылымға сіңірген еңбегі жайында мақалалар шықты. Аталған қоғам 1867 жылы оның барлық қолжазбаларын басып шығаруды ұйғарды. Ал 1868 жылы «Жазбаларда» «Қашқарға барар жол мен Алатау округіне қайтар жолдың сипаттамасының» қысқарған нұсқасы және Шоқан туралы мақала жарық көрді.

«Ш.Ш.Уәлиханов шығармаларының жинағы» 1904 жылы профессор Н.Веселовскийдің редакциялауымен басылып шығып, «Орыс императорлық география қоғамы жазбаларының» ХХIХ томынан тұтас орын алды. Онда Веселовский Шоқан туралы былай деп айтқан: «...Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды. Орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдарының бәрі де ерекше бір құбылыс деп танып, одан түркі халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті».

Х.Айдарова, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан және басқа да зерттеушілердің күш салуы арқасында Шоқан Уәлихановтың мұрасы қалпына келтіріліп, жаңа ұрпаққа жеткізілді.