Омбы кадет корпусы

1847

Омбы кадет корпусы

Шыңғыс сұлтан ұлының білімге деген талпынысын қолдап отырған. Ол баласының ауыл-аймақта жүріп, дұрыс білім ала алмайтынын түсінеді. Сондықтан 1847 жылдың күзінде он екі жасар Шоқанды Омбыға алып барады. Сөйтіп, сондағы достарының көмегімен Сібір кадет корпусына оқуға түсірген. Бұл сол кезде Сібірдегі мықты оқу орыны еді. Яғни ол Императордың Царскосельский лицейімен теңдесе алатын.

Сібір кадет корпусы 1845 жылы бұрынғы Сібір желілік казак училищесінің негізінде ашылған. Мұнда бір кездері Шоқанның әкесі де оқыды. Жаңартылған корпусқа дворяндар мен казак офицерлерінің ұлдары ғана түсе алатын. Олар әлеуметтік мәртебесіне сәйкес рота мен эскадронға бөлінген. Әрқайсысында 120 адамнан болыпты. Рота дворяндарға, эскадрон казактарға арналған. Эскадронға казактардан бөлек қазақ ақсүйектерінің де балалары алыныпты. Сол жерге Шоқан барған.

Кадеттер ең алдымен әскери тәртіпті оқыған. Бұлар - соғыс тәсілдері, артиллерия және бекініс. Сондай-ақ, оларға сапқа тұруды, гимнастика, жүзу, қылыштасу, атқа міну, тіпті ән айту мен билеуді үйреткен (ол кезде офицерлер осының бәрін білуге міндетті еді). Бірақ ең бастысы – корпуста жалпы білім де берілген. Яғни онда математика, физика, география, химия, тарих және әдебиет оқытылатын. Сонымен қатар, корпус жанында шығыс тілдерінің ерекше сыныбы болған. Онда моңғол, араб, парсы және түрік тілдері оқытылыпты. Осындай дайындықтың арқасында корпус қабырғасынан аса көрнекті ғалымдар мен зерттеушілер, яғни кілең мықтылар түлеп шықты. Олардың арасында Шоқанның жақын досы Григорий Потанин де бар.

Сібір кадет корпусы эскадронның обер-офицері. 1856 г.

Потанин Уәлихановтың білімге деген қарым-қабілетін о бастан-ақ паш еткенін еске алады. Екі жылдан кейін он төрт жастағы Шоқанның идеялары бүкіл класты былай қойып, екі жыл жоғары кластағылардан да озық болып еді. Ол ғылымды дала баласына тән емес ерекше серпінмен игеруге кірісті. Тәрбиешілері мен ұстаздары одан аса көрнекті ғалым шығатынына сенді. Уәлихановтың оқытушылары да білікті еді. Білімі ұшан теңіз Ждан-Пушкин, тарихшы Гонсевский, географ Старков, сурет пәнінің мұғалімі Померанцев, әдебиетші Костылецкий бала Шоқанға зор әсер етті.

Николай Костылецкий Шоқанға Пушкин мен Низамиді, Гоголь мен Фирдоусиді танытты. Орыс әдебиетінен сабақ беріп, оны білімді шығыстанушы етіп қалыптастырды. Есесіне Шоқан жазғы каникул кезінде ұстазы үшін ерінбестен қазақ әндері мен аңыздарын жинады. Солардың арасында Обаған жерінен Шоқан жазып алған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастаны бар. Шәкіртінің болашағын ойлаған Костылецкий ол жинаған материалдардың бәрін Петербургтегі атақты шығыстанушы ғалым И.Березинге жіберіп отырған. Кейін Уәлиханов пен Березин шығыс әдебиеті жайлы талай рет хат жазысады.

Әлгі Потаниннің айтуынша, Шоқанның ілім-білімді тез игеруіне өз дарыны мен мықты оқытушылары ғана әсер еткен жоқ. Омбының ақсүйектері мен зиялы қауымы қазақ сұлтанының баласына ерекше көңіл аударыпты. Шыңғыс сұлтанның ұлын мерекеге, түрлі салтанатты шараларға шақыру құрмет саналды. Сөйтіп, Шоқан шығыстанушы Сотниковтың, суретші Померанцевтің, оқымысты офицер Карл Гутковскидің үйінде қонақ болған.

Гутковскийдің Шоқанға ерекше зор ықпалы бар еді. Кейін ол Семей облысы әскери губернаторының көмекшісі бола жүріп, жас офицерге ғылым және қызмет жағынан мүмкіндігінше қолдау көрсетеді. Шоқан оны дос санап, Омбы шенеуніктерімен күресу үшін көмек сұраған. Ол К.Гутковскийге былай деп жазыпты: «Біз сізге ескерткіш орнатып, оған «Қырғыздардың (қазақтардың) құтқарушысы Карл Гутковскийге алғыс!» деп жазамыз». Уәлиханов генерал Колпаковскиймен де дос болған. Г.Колпаковский бұл достыққа адалдық танытып, Шоқанды мәңгі есте қалдыру үшін көп нәрсе жасады.

Түрлі кикілжің де болып жатты. Кадет корпусындағы эскадрон мен рота арасында текетірес бар еді. Олары кейде жанжалға, тіпті төбелеске айналып кететін. Шоқанның өз эскадронындағы жағдайы да мәз емес-тұғын. Оны біреулер орынсыз шеттетіп, бөлектей беретін. Алайда Шоқанның уақыт өте келе мерейі үстем бола бастады. Ол өзіне қарсы айтылған сын мен қалжыңға назар аудармады. Төбелеске килікпеді. Сөйтіп, оларға өткір тілімен жауап беріп, басқа кадеттерді өзімен санасуға мәжбүр етті. Біраз уақыт өткеннен кейін бүкіл эскадрон аса бір шетін мәселе туғанда Шоқанның кеңесіне жүгіне бастады. Ешкім де одан асып дауға төрелік айтып, дұрыс ақыл-кеңес бере алмайтын. Шоқанның Шорман бидің жиені болуы тегін емес қой!

Оның өзге курстастарынан ерекшелігі, жазды әскери дайындық лагерінде емес, Сырымбетте, өз үйінде өткізеді. Сол кездері Шоқан алғашқы зерттеуін жүргізіп көрді. Ол өзіне бұрыннан таныс көрінген дала жағдайын жіті зерттеп, соны қағазға түсіре бастады. Бәріне де – табиғатқа, көшпенді халықтың тұрмысына, көне әндер мен аңыздарға, қазақтардың қоғамдық құрылымына қызығатын.

Шоқан жинаған білімі мен бай деректі іс жүзінде қолдануға кадет корпусында оқып жүрген кезден бастап кірісті. Сол кездегі өз бетінше жазған алғашқы еңбектерінде шығыс қолжазбалары туралы пікірін айтады. Тіпті ол беделді зерттеушілердің (А.Левшин, И.Березин, Е.Огородников және басқалардың) ұйғарымына батыл түрде күдік келтірген. Яғни, олардың шығыс жазу үлгілерін қате оқығанын әшкерелейді.

Шоқан кадет корпусында өзінен бір курс жоғары оқыған досы Григорий Потанинге туған өлкесінде ірі ғылыми зерттеу жүргізу туралы арманын айтқан. Болашақ атақты саяхатшы әрі ғалым Г.Потанин ол кезде казак офицерінің қарапайым баласы еді. Оқуға деген талпынысы оншалықты болмаған. Бірақ Шоқанмен таныстығы оның ғылымға деген көзқарасын өзгертіп, ары қарайғы бүкіл тағдырына әсер етті.

Олар Азияға бірге саяхат жасап, Күкүнор (Цинхай) көліне дейін жетуді армандайды. Екеуі Петербург университетіне оқуға түсуді жоспарлаған. Шоқан шығыс факультетін, Григорий жаратылыстануды таңдайды. Потанин мен Уәлихановтың достығы екеуінің де ғылыми көзқарасы мен зерттеу тәсілін қалыптастыруға зор ықпал етті.

1853 жылы он сегіз жастағы Шоқан Уәлиханов Сібір кадет корпусын тәмамдап, атты әскер корнеті шенін алды.